АҚШ 400 миллион доллар ұрлаған солтүстіккореялық FaceStealer науқанын тоқтатты
Шабуылшылар крипто саласының қызметкерлерін дипфейк пен жалған бейнекездесулер арқылы алдап, компьютерлеріне зиянды бағдарлама орнатқан.

АҚШ билігі Солтүстік Кореямен байланысты FaceStealer әлеуметтік инженерия науқанын тоқтатты. Хабарланғандай, оның барысында 400 миллион доллардан астам криптовалюта ұрланған. Науқан 18 ай бойы жүріп, америкалық органдар оған қызмет еткен бұлттық инфрақұрылымды тәркілеген соң ғана үзілді.
Бұл туралы techinfo.kz порталы BleepingComputer сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
FaceStealer қалай әрекет етті
Нысанаға крипто және Web3 саласының мамандары, сондай-ақ ашық кодты бағдарлама әзірлеушілер алынған. ФБР ескертуіне сәйкес, шабуылшылар Telegram, LinkedIn, Slack және Discord желілеріндегі аккаунттарды басып алып, құрбандарды бейнекездесуге шақырған. Қоңырау кезінде адамға бұрын алданған таныстарының жазбалары көрсетілген.
Содан кейін хакер техникалық ақау шыққанын айтып, жалған қате хабарламасын көрсеткен және оны «түзететін» сілтеме ұсынған. Сілтеме арқылы крипто деректерін, Zoom, Google Meet пен Microsoft Teams тіркелгі деректерін ұрлайтын зиянды бағдарлама орнатылған. Тергеушілер технология компаниялары қызметкерлерінің веб-камерасы арқылы жасырын түсірілген 900-ден астам бейнежазбаны тапты.
Шабуылдың артында кім тұр
Arctic Wolf компаниясы науқанды BlueNoroff тобымен байланыстырып, 58 елдегі 677 нысананы анықтады. Олардың дені компания құрылтайшылары мен жоғары буын басшылары. ФБР мәліметінше, шабуылшылар кейде соққы жасамас бұрын айлап, тіпті бір жылдан астам күткен.
Қорғану үшін мына шаралар ұсынылады:
- кездесулерге тек ресми қосымшалар арқылы, шақыру кодымен қосылу;
- күтпеген шақыруларды өз бетінше тексеру;
- қажет болмаса, веб-камераны өшіріп қою;
- техникалық ақауды түзету ретінде ұсынылған скрипттерді іске қоспау.
Пікір қалдыру мүмкіндігі оқырман аккаунттарымен бірге қосылады.